Облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетованың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету және облыс орталығындағы комиссияның жұмысы қаралды. Күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті органдардың өзара іс-қимылын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Бүгінде Тараз қаласы мен облыс аудандарында Отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Орталықтардың жұмысы цифрландырылған: көмекке мұқтаж жандар туралы ақпарат арнайы цифрлық платформа арқылы түсіп, кейін мамандар жағдайды зерделеу үшін мекенжайларға жеке барып тексеру жүргізеді. Өңірде жедел әрекет ету құрамында 4 432 маман бар мобильді топтар құрылған. Топ 820 тұрмысы қолайсыз отбасымен жұмыс жүргізумен қатар, шұғыл түскен хабарламалар бойынша да жедел шаралар қабылдаған. Мұндай сигналдардың 83,4 пайызы Тараз қаласында тіркелген.