Жамбылдық судиялар жарысты. Бұл жолы үкім емес, ұпай санады. Нақтырақ айтсақ, аймақта жыл сайынғы дәстүрге сай спартакиада өтіп, оған облыстың түкпір-түкпірінен келген сот қызметкерлері қатысты. Сала мамандары тоғыз спорт түрінен сынға түсті. Әдетте даулы іске нүкте қоятын төрешілер бұл жолы жеңімпаздарды анықтап, әділдіктің спортта да салтанат құратынын көрсетті.
Талай тағдырды таразылаған судьялар бұл жолы спорт алаңында бақ сынады. Волейболдан бастап үстел теннисіне дейінгі тоғыз спорт түрінен өткен жарыстарда қатысушылар өзара мықтыны анықтап, тартысты бәсеке көрсетті. Спартакиаданың салтанатты ашылуына облыстың 10 ауданынан келген сот қызметкерлері қатысты. Алғашқы болып сөз алған облыстық соттың төрағасы қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды.