Өткен жексенбі еліміздің медицина қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Олардың қатарында әскери медицина саласының мамандары да бар. Тараз қаласындағы Әскери госпитальда қызмет ететін дәрігерлер, фельдшерлер мен медбикелер үшін бұл мерекенің орны ерекше. Өйткені олардың арасында әскери қызмет пен медицинаны ғана емес, өмір жолын да бірге таңдаған отбасылар аз емес. Осындай жанұялардың өнегесі кейінгі буынға үлгі болып, әскери қызметтің сабақтастығын жалғастырып келеді.
Тараз қаласындағы Әскери госпитальдің әскери қызметшілері Нұрболат Мамышев пен Ұлжан Мұхатай әскери сапта жиырма жылға жуық қызмет етуде. Олардың тағдырлы жолдары әскери медицина саласында тоғысып, берік отбасының негізін қалады. Нұрболат сәулелік диагностика бөлімшесінде зертханашы болса, ал Ұлжан әскери госпитальдің сержанты. Көп жағдайда балалар ата-аналарының жолын таңдайды. Нұрболат пен Ұлжанның ұлы Бекзат та колледжді тәмамдағаннан кейін еш ойланбастан әскер қатарына шақырылды.