Екі жылдың ішінде ветеринария саласында еңбек ететін 213 қызметші қысқарған. Материалдық-техникалық жай-күйі де көңіл көншітпейді. Кейбір ветпунктер инфрақұрылымнан жұрдай. Айлық жалақысы мардымсыз салаға жас мамандардың да барғысы жоқ, деп депутаттар дабыл қағуда. Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті сессиясында мал дәрігерлері мамандарының мәселесі қаралды.


«Медицина адамды емдесе, ветеринария бүт адамзатты емдейді» дейміз. Десе де, осылай әспеттеген бұл саланың әлі де болса, өңірде әлсіз тұстары көп, дейді депутаттар. Кадр тапшы, жалақы аз, ал ауылды жерлерде қаржының жеткіліксіздігінен ақысыз демалысқа жіберілетіндер көп. Саланың дамуын тежеп отырған факторлар тек бұлар ғана емес.