40 жылдан бері қарулы қақтығыстан әбден қажыған Ауғанстанға Қазақстан тағы да қол ұшын созды. Бұл жолы жалпы салмағы 319 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтті. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған делегация Кабулға арнайы іскерлік сапармен барды.
Ауған жұрты – төзімді халық. Тағдыр тәлкегіне түсіп, талай тар жолды бастан өткерді. Бүгінде бұл ел әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі саналады. Көшеде қару ұстаған және қайыр тілеген адам көп. Бүлдіршіндер ас-сусыз күнелтіп жүр. БҰҰ дерегіне сәйкес, 40 миллионнан астам халықтың 75 пайызы гуманитарлық көмекке мұқтаж.