Меркіде медицина саласының әлеуеті артты. Кәсіби мерекеге орай аудандық көпбейінді орталық аурухананың жаңа қабылдау бөлімшесі ашылды. Енді екі қабатты заманауи ғимарат шұғыл медициналық көмекті жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұнда қабылдау және күту залдарынан бастап заманауи диагностикалық кабинеттерде қарастырылған.
Маңызды шараға Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Илебаев арнайы қатысып, ауданның медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар жаңа нысанның материалдық-техникалық базасымен танысып, денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Жалпы екі қабатты заманауи қабылдау бөлімшесінде тіркеу және күту залдары, хирург кабинеті, шағын операциялық бөлме, қарқынды терапия палаталары орналасқан.