Қазіргі таңда мамандар Тараз қаласының брендбугін әзірлеп жатыр. Брендбук арқылы қаланың тарихи мұрасы сақталып, заманауи шешімдер енгізіледі. Осылайша, Жамбыл облысында урбанистиканы дамыту жұмыстары жаңа деңгейге көтерілмек. Елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту мәселелері аппараттық кеңесте қаралды. Жиында өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды.


«Сәулеттік бюро» орнына жақында ғана «Жамбыл Бас Жоспары» зерттеу-жобалау дамыту институты боп қайта құрылған мекеменің жоспары жойқын. Институт қазір урбанистика, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, көгалдандыру және жобалау-сметалық құжаттамаларды талдау бағытындағы жұмыстарға білек сыбана кірісіпті. Соның бірі - Тараз қаласының брендбугі. Құжат шаһардың сәулеттік және көркемдік даму қағидаларын айқындап, барлық құрылыс және абаттандыру жобаларына ортақ талаптар белгілейді.