Тараздағы ұшқышсыз ұшу аппаратының жауынгерлік даярлау және оқу орталығында әскери міндеттілердің 30 күндік оқу жиыны қыза түсті. Енді қатысушылар дрон операторы мамандығын меңгеруге кірісті. Олар ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктерін танып, оларды басқарудың алғашқы машықтарын игеруде.
Оқу жиынының алғашқы күндері жалпы әскери дайындыққа арналса, енді резервтегілер арнайы пәндерді оқып жатыр. Сабақ барысында әскери міндеттілер дрондардың құрылымын, қолданылу ерекшеліктерін және басқару тәсілдерін меңгеруде. Бүгінде ұрыс алаңында кеңінен қолданылып жүрген FPV-дрондарына ерекше назар аударылады. Сабақты тәжірибелі нұсқаушылар өткізеді. Олар елімізде ғана емес, шетелде де арнайы дайындықтан өткен. Қатысушылардың ешқайсысы дрондармен жұмыс істемеген. Сол себепті қарапайым теориядан басталып, тәжірибелік басқару кезеңіне ұласады.