Таразда Ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік даярлау және жауынгерлік қолдану оқу орталығының әскери қызметшілері екі бірдей кәсіби мерекені атап өтті. 30 маусым – Ұшқышсыз авиация мамандары күні, ал 2 шілде – Қазақстанның Әскери-әуе күштері күні. Бұл – ұшқышсыз авиацияның еліміздің әуе қорғанысындағы маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінде Әскери-әуе күштері тек ұшақтар мен тікұшақтардан ғана тұрмайды. Оның құрамында қарқынды дамып келе жатқан ұшқышсыз авиация саласы да бар. Заманауи ұрыс жағдайында ұшқышсыз авиациялық жүйелер барлау жүргізіп, нысандарды бақылауға және жауынгерлік тапсырмаларды дәл орындауға мүмкіндік береді.Тараздағы оқу орталығының әскери қызметшілері ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқарумен қатар, еліміздің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.