Демалыс күндері қала тұрғындары ерекше көңіл-күйге бөленді. Қ. Рысқұлбеков атындағы саябақта Ұлттық домбыра күніне арналған «Қасиетті домбыра – ұлт мұрасы» атты мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, домбыра, кітап және фотокөрмелер көпшілік назарына ұсынылды.


Сонымен қатар, көрермендер қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеген концерттік бағдарламаны тамашалап, күй мен халық әндерінің әсем әуеніне куә болды. Іс-шара барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, қатысушылар қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, асық ату және гір тасын көтеру бойынша бақ сынады. Мерекенің басты мақсаты – домбыраның ұлттық мұра ретіндегі маңызын насихаттап, жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге қызығушылығын арттыру, сондай-ақ халқымыздың бай мәдениеті мен рухани құндылықтарын кеңінен дәріптеу болды.