Отандық өндірушілерге, кәсіпкерлерге және тұтынушыларға тең әрі қолайлы жағдай жасау – маңызды міндет болса, сауда саласын жаңғырту мен заң талаптарының сақталуын бақылауды күшейту – заман талабы. Осы мақсатта өңірге Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Дәулен Қабдушев жұмыс сапарымен келді. Ол облыс орталығындағы бірқатар сауда базарларының жаңғырту жұмыстарымен танысып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстардың орындалу барысын көрді.
Тараздағы сауда орындарын аралаған делегация алдымен «Жібек жолы» базарына келді. Мұнда қазір жабайы сауда едәуір қысқарған. Сыртта жағалай жайғасқан сатушылар жоқ. Жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Саудагерлер біртіндеп жабық ғимаратқа орналасып жатыр.