Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қазірден пысықтау маңызды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әкімдік мәжілісінде жауаптылардан қысқа әзірлік, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі және тұрғындарды үздіксіз жылумен қамту мәселелерін сұрады. Биыл бұл мақсатқа бөлінген миллиардтаған қаражат мақсатты жұмсалып, тірліктің тиянақты әрі сапалы орындалуы тиіс.
Әкімдік мәжілісі басталмас бұрын аймақ басшысы алдымен көпшілікті Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтап, Ата Заң – ел бірлігі мен тұрақтылығының, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының берік кепілі екенін атап өтті. Ал Мемлекет басшысы айқындаған басым міндеттерді сапалы орындау – өңір дамуының басты бағыты болып қала береді.