Заң үстемдігі мен демократиялық құндылықтарды нығайту – елдің орнықты дамуының басты кепілі. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – жаңа Ата Заңымыздың қабылдануы. Осыған орай «Жаңа Конституция: орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» тақырыбында онлайн форматта ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен заңгерлер, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Конференция барысында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай баяндама жасап, жаңа Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөліне және оның еліміздің тұрақты дамуына қосатын үлесіне тоқталды. Сондай-ақ халықаралық сарапшылар да Ата Заңның жаңартылған редакциясына оң бағасын беріп, оның халықаралық құқықтық кеңістіктегі маңызын атап өтті. Айта кетейік, Қазақстанның жаңа Конституциясы ертең, 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл құжат елдің құқықтық жүйесін одан әрі жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге және мемлекеттік басқару тетіктерін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.