Мал басын көбейтіп, шаруасын кеңейтуді армандайтын ауыл кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндік. Енді жеңілдетілген несие арқылы асыл тұқымды мал сатып алып, жаңа ферма салып, жайылым инфрақұрылымын жақсартуға болады. Мұның бәрі 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жүзеге асып жатыр.


«Аграрлық несие корпорациясы» іске қосқан «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары – ауылдағы ағайынға арналған нақты қолдау. Әр бағдарлама шаруашылықтың көлемі мен бағытына қарай әзірленген. Бірі орта шаруашылықтарға арналса, енді бірі ірі өндірістердің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ «Жайлау» бағдарламасы жаңа фермалар салуға, жайылымдық инфрақұрылымды дамытуға және өндірістік базаны нығайтуға бағытталған. Ал «Игілік» пен «Береке» арқылы шаруалар импорттық және отандық асыл тұқымды ірі қара, қой, жылқы, түйе және басқа да мал түрлерін сатып ала алады. Барлық бағдарлама бойынша несие жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен ұзақ мерзімге беріледі.