Сарысудың сайын даласынан соққан самал жел енді - қуатты энергия көзі. Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды. Қуаты 1 гигаватт болатын жоба “Самұрық-Энерго” мен Masdar компаниясының бірлескен бастамасы. Болашақта станция 880 мыңнан астам үйді “жасыл” электр энергиясымен қамтып, оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығын азайтпақ.
Жасыл экономика жолында желден қуат алатын алып жоба - Орталық Азиядағы ең ірі жел электр станциясы. Бүгін болашақ энергетикалық нысанның капсуласын қалау рәсімі өтті. Іс-шараға телекөпір арқылы “Самұрық-Қазына” АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев және Masdar компаниясының Басқарма төрағасы Мұхаммед Әл-Рамахи қатысты.