Президент тапсырмасына сәйкес ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы бастаманың аясында Қордай ауданына қарасты Үлкен Сұлутөр ауылында заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бұл – ауыл тұрғындары көптен күткен маңызды әлеуметтік нысандардың бірі.
Аталған мәселе бұған дейін де ауыл халқының арасында көтерілген болатын. Тұрғындардың ұсынысы ескеріліп, жоба жүзеге асыру кезеңіне өтті. Құрылысқа аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тапсырыс берсе, мердігер ретінде «Қаратау құрылыс» ЖШС жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда құрылыс алаңында бетон құю жұмыстары атқарылып, ғимараттың негізгі қаңқасы бой көтерген. Жауапты мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде және нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.