Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалуы – өңірдегі негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Осыған орай облыс әкімінің төрағалығымен өткен арнайы кеңесте Президент тапсырмаларының іске асырылу барысы жан-жақты сараланды. Кеңесте сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі тапсырмаларының орындалу деңгейі қаралды. 


Биылғы жылдың бес айы біздің облыс үшін жемісті. Барлық салада тұрақты өсім бар. Бірқатар негізгі индикаторлар бойынша Жамбыл облысы республикадағы көшбасшы өңірлердің қатарында. Сонымен қатар жергілікті бюджеттің қаржылық дербестігі артып, кіріс көлемі ұлғайып келеді.