Бүгін – 2026 жылдың 26 маусымы. 26.06.2026. Бір қарағанда жай ғана күнтізбедегі дата. Бірақ мыңдаған ғашық үшін бұл – өмір бойы ұмытылмайтын күн. Себебі сандардың айрықша үйлесімі көпшіліктің көңілінен шығып, Қазақстанда бүгін нағыз «неке күні» орын алды. Еліміз бойынша бүгінгі күнге 4000-нан аса жұп неке қиюға өтініш берген. Жамбыл облысында да ерекше датаға таңдауы түскен жұптардың қатары артқан.


Жалпы аймақ бойынша ерекше датаға 123 жұп некелерін тіркеуге өтініш берген. Оның ішінде 20-дан астам жұп салтанатты рәсіммен шаңырақ көтерсе, қалғандары заңды некелерін стандартты тәртіппен рәсімдеді. Ал 87 жұп Тараз қаласы бойынша тіркелген. Дегенмен басқа өңірлермен салыстырғанда Жамбыл облысында датаға қызыққандар аз дейді мамандар.