Қазақстан Қарулы Күштерінде жазғы оқу кезеңі жалғасуда. Осы аптада әскери қызметшілер бөлімшелерді әртүрлі деңгейдегі жауынгерлік дайындыққа машықтануға үйретті. Мерзімді әскери қызметшілерді даярлаудың жаңа жүйесі биылғы оқу кезеңінің басты ерекшелігі болып отыр. 


Оқу-жаттығу жай ғана машықты тексеру емес, жуырда аяқталған базалық жалпы әскери даярлық курсының қорытындысы. Бұрын жас сарбаз курсынан кейін әскери пәндерді толық меңгермеген сарбаздар бірден жауынгерлік дабыл бойынша әрекет етуге кірісетін. Қазір бұл жүйе түбегейлі өзгерді. Жас сарбаз курсынан кейін олар төрт апталық базалық жалпы әскери даярлықтан өтеді. Бағдарлама алты міндетті пәнді қамтиды.Олар атыс, тактикалық және инженерлік дайындық, әскери медицина, байланыс және топография.