Жамбыл облысында екі жылдың көлемінде су шығынын 25 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік бар. Мұндай нәтижеге өңірдегі су нысандарын салып, қолда барын қайта қалпына келтіру арқылы қол жеткзуге болады. Сала мамандары осылай деп отыр. биылдың өзінде аймақта 57 каналда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тағы екі су қоймасы құрылысының мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған. Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат кеңесінде каналдарды жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу және гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі жайы кеңінен талқыланды.


Жамбыл облысы тіршілік нәріне өзге елге тәуелді аймақ. Судың сексен пайызын көрші мемлекеттен алады. Сондықтан, әр тамшы суды тиімді пайдалану үшін талап күшті. Нақтылы кезеңде өңірде 658 мың гектар егістік жерлері бар. 103,8 мың гектар суармалы алқап игерілген. Оларға су жеткізу оңай шаруа емес. Жауаптылар ауыл шаруашылығындағы су өнімділігін арттыру мақсатында суару жүйелерін жаңғырту, күрделі жөндеу және каналдардағы су есебін автоматтандыру жұмыстары қолға алынғанын айтады.