Бүгіннен бастап Қазақстан жаңа Конституциямен өмір сүре бастайды. Бұл елдің саяси жүйесіне ғана емес, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттік басқару тәртібіне де елеулі өзгерістер әкелмек. Конституцияның жаңа редакциясы шамамен 85 пайызға жаңартылған. Дегенмен мемлекеттің негізгі қағидаттары сақталып, көптеген нормалар қазіргі заман талаптарына бейімделген. Жаңа редакцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға, мәдениет пен дәстүрлі құндылықтарды сақтауға ерекше басымдық берілген. Сонымен қатар цифрлық технологияларды дамыту мен оларды құқықтық тұрғыдан реттеуге қатысты жаңа нормалар енгізілді.


Бүгіннен бастап Қазақстан жаңа саяси кезеңге қадам басады. Қолданыстағы Конституция күшін жойып, жаңа Ата Заң күшіне енді. Өзгерістерге тоқталсақ, қос палаталы Парламент тарады. Сайлау өтіп, бір палаталы жаңа заң шығарушы орган Құрылтай құрылады. Құрылтай құрамына 145 депутат енеді. Олар пропорционалды жүйемен сайланады. Жаңа жүйеде алғаш рет вице-президент лауазымы болады. Қазақстан Халық кеңесі құрылады. Оның құрамына 126 адам кіреді. Бұл орган заң жобаларын ұсына алады, бастамалар көтереді және ұлттық бірлік мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді.