2025 жылы Тараз және Алматы қалаларында жүргізілген ауқымды арнайы операция барысында есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Санкцияланған тінту кезінде дәріханалардан «Трамадол», «Тропикамид», «Сомнол», «Димедрол» және басқа да айналымы қатаң бақылаудағы дәрілік препараттар тәркіленді. 


Тергеу барысында қылмыстық схеманы Тараз қаласының 60 жастағы тұрғыны ұйымдастырып, топқа жетекшілік еткені анықталды. Сот үкімімен ұйымдастырушы 17 жылға, ал оның екі сыбайласы 15 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.Аталған іс бойынша қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 297 және 262-баптары бойынша тергелді. Жамбыл облысы полиция департаменті есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы ауыр қылмыс саналатынын және мұндай әрекеттер үшін заңнамада қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті.