Сонымен, елімізде тұңғыш рет өтетін Құрылтай депуттары сайлауының күнтізбелік жоспарын белгілі болды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы саяси науқанға дайындық басталғанын хабарлады. Ертеңнен бастап партиялық тізімдерді ұсыну басталады. Ол 13 шілдеге дейін жалғасады. Ал, тіркеу 23 шілдеде аяқталады. Дәл осы күні сағат 18:01-де үгіт-насихат жүргізуге рұқсат беріледі. Науқан тамыздың 21-нен 22-не қараған түні аяқталады. 22 тамыз тыныштық күні. Сайлау 23 тамызда өтеді. Әділет министрлігі елде 8 саяси партияның тіркелгені туралы айтты. Ал, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров «Amanat» партиясының сайлауға қатысудан бас тартқаны туралы мәлімдеді. Өйткені, жуырда ғана бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылған еді. Отырыста қалған 7 саяси ұйымды Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға жіберу туралы Қаулы қабылданды. Алдын ала болжам бойынша дауыс беру күні ел бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Бұл сан алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. Сонымен бірге, 64 елде 82 дауыс беру учаскесі ашылады. Қазіргі есеп бойынша 12 жарым миллионнан астам отандасымыз таңдау жасауға құқылы. Орталық сайлау комиссия мүшесі Азамат Айманақұмов әкімдіктер дауыс берушілер тізімін 2 тамызға дейін ұсыну керегін айтты. Сонымен бірге, сайлау кезінде тұрақты тұрғылықты тіркелген жерінде яки елде болмайтын азаматтарға есептен шығару куәлігін алып, барған жерінде дауыс беруге болады, деді.