Қос ішек. Қос тағдыр. Бір өнер. Жексенбі әулеті үшін домбыра – жай музықалық аспап емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан аманат. Күй күмбірін серік еткен жас отбасы бүгінде ұлттық өнерді ұлықтап қана қоймай, оны жас буынның бойына сіңіріп келеді.
Рауанның домбырамен достығы алты жасында басталған. Өнерге баулыған -әкесі. Ал Ақниет болса, бала күнінен күйдің құдіретін бойына сіңіріп өскен. Тағдыр екеуін күйшілер байқауында табыстырды. Домбырадан басталған таныстық бүгінде өнер мен отбасы қатар өрілген тағылымды шаңыраққа ұласып, қос өнерпаздың ортақ мұратына айналған.