Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысы аясында Президент бірқатар кездесу өткізді. Еуропалық қайта құру және даму, Ислам даму банкінің президенттері, сондай-ақ, әлемнің үздік компания басшыларымен бірлескен жобаларды талқылады.


Әуелі Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассоны қабылдап, еліміздің экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін банк басшылығына ризашылық білдірді. Бүгінде даму институты Қазақстанда жалпы құны 3,1 миллиард еуродан асатын 131 жобаны қаржыландырып отыр. Одиль Рено-Бассо Қазақстандағы стратегиялық мақсаттарды сапалы түрде іске асыруға берік негіз қалайтын жағымды инвестициялық ахуал мен экономикадағы құрылымдық өзгерістерді оң бағалап, Қазақстан олар үшін маңызды елдердің бірі саналатынын айтты.