Азия чемпионатында топ жарып, алтыннан алқа таққан Мойынқұмдық балуан Кемелбек Сабырбектің жеңісі туған елінде ерекше құрметпен аталып өтті. Аудан әкімі бастаған топ спортшының шаңырағына арнайы барып, айтулы жетістігімен құттықтады. Кездесуде ел намысын асқақтатқан балуанға ағайын ақ батасын беріп, жарқын болашағына жүрекжарды тілектерін жеткізді.


Небәрі 20 жасында Азияның үздігі атанған Кемелбектің табысы – талмай төгілген тердің, тынымсыз дайындықтың және қайсар қайраттың айқын көрінісі. Бұл жеңіс бір спортшының ғана емес, тұтас Мойынқұм жұртшылығының мерейін үстем еткен ортақ мақтанышқа айналған. Ел сенімін ақтаған жас чемпион туған жердің абыройын асырып, қазақ спортының беделін биіктете түсті.