Кезек күтіп, уақыт жоғалту өткеннің еншісінде. Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың арқасында көптеген қызмет онлайн форматқа көшірілді. Енді маманды үйге шақыруға, ал жедел қызмет қажет болса, оны бірнеше минут ішінде рәсімдеуге мүмкіндік бар. Көлікке қатысты бірқатар рәсімдер де цифрлық жүйеге өткен.


Бүгінде мемлекеттік қызметтер тізілімінде 1448 қызмет бар. Оның 1278-і электронды форматта көрсетіледі. Бұл азаматтарға көптеген қызметті үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары халыққа қызмет көрсету орталықтарында дербес менеджер, маманды үйге шақыру және құжаттарды тәулік бойы алуға арналған постоматтар секілді жаңа сервистер іске қосылған.