Татамиде төгілген тер, жылдарға созылған еңбек, сын сағаттарда сынбаған рух. Қазақ спортының тарихында алтын әріппен жазылған есімдердің бірі – Олимпиада чемпионы Елдос Сметов. Оның жеңіске толы жолы мен өмірлік ұстанымы енді кітап беттерінде қатталды. «Төзім. Сенім. Жеңіс» атты туындының тұсаукесері Тараз қаласында өтті.
Кітаптың авторы – журналист Есбол Нұрахмет. Онда даңқты дзюдошының спорттағы жетістіктері ғана емес, оның бала күнгі арманы, мақсатқа жету жолындағы табандылығы мен адамдық болмысы кеңінен қамтылған. Бұл – жиырма жылға жуық уақыттағы ізденіс пен еңбектің, төзім мен сенімнің шежіресі. Кітаптың таныстырылымына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, зиялы қауым өкілдері, спорт ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты. Жиында Елдостың ел спортының дамуына қосқан үлесі мен жастарға үлгі болатын тұлғалық қасиеттері ерекше атап өтілді.