Денсаулық сақтау нысандары бүгінде сандық жүйенің шарапатын сезініп отыр. Бір кездері апталарға созылатын диагноз қою мен отадан кейінгі айларға жалғасатын оңалту кезеңі артта қалды қазір. Мәселен, көпбейінді аурухана мен консультативтік-диагностикалық орталық біртұтас цифрлық жүйе ретінде жұмыс істеуге көшкен. Нәтижесінде, заманауи қалалық аурухана – қарапайым емдеу мекемесі емес, жоғары технологиямен жабдықталған медициналық орталық сынды. Мұнда қазір басты назар аз инвазивті емдеу әдістері мен пациенттің жайлылығына аударылған.
Бұрын бүйректегі тасты алу немесе күрделі урологиялық ауруларды емдеу үшін хирургиялық ота қажет болатын. Қазір дәрігерлердің қолында заманауи лазерлік және ультрадыбыстық технологиялар бар. Науқастарды кеспей, жеңіл әрі сапалы ота жасауға мүмкіндік мол. Жыл сайын урология бөлімшесінде шамамен екі жарым мыңға жуық адам ем қабылдайды. Олардың 90 пайызы несеп-тас ауруымен тіркелген.