Жуалы ауданынан қола дәуірі мен түркі кезеңіне тән мың жарымға жуық таңбалы тастардың қалың шоғыры анықталды. Ғалымдар жартастағы жазуларды Кіші Қаратау жотасы бойындағы Бұрхансай шатқалынан тауып отыр. Ғылым тілінде петроглифтер деп аталатын көне суреттер б.з. 4 мың жыл бұрын салынған дейді, зерттеушілер.
8 шақырымға созылған Бұрхансай шатқалы бойында қол дәуірінен бастап темір, түркі кезеңіне дейінгі суреттер сыр шертеді. Жуалы тауларында алғаш рет 54 жыл бұрын кеңестік археологтар петроглифтерді кездестірген. Ал Күркіреу су ауылы маңына 2006 жылы Тұран археологиялық экспедициясы алғаш рет табан тіреп, бірсыпыра таңбалы тастарды тапқан. Бірақ шатқал толық зерттелмегендіктен 18 жылдан кейін келген ғалымдар 1200-ден аса жартас суретін анықтап отыр.