Қазақы қонақжайлықтың көрінісі мен ұлттық құндылықтардың ұлықталуы. Тараз қаласындағы №40 гимназияда «Ауылдағы тамаша күн» атты тағылымы мол фестиваль өтті. Ана тілді ардақтап, салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталған шара оқушылар мен қонақтарды халқымыздың бай мәдени мұрасымен таныстырды.
Фестиваль аясында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық болмысын танытатын түрлі алаңдар ұйымдастырылды. Әсіресе, «Бауырсақ Fest» пен «Kurt Fest» фестивальдері көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар дастарқанның сәніне айналған бауырсақтың тарихына қанығып, көшпенділер өркениетінің ажырамас тағамы – құрттың пайдасы мен маңызы туралы тың мәліметтер алды. Ұлттық тағамдардың әрқайсысы халқымыздың өмір салты мен дүниетанымынан сыр шертті.