Аймақта 18 306 адам жұмыссыздар санатында. Олардың 46, 6 пайызы ерлер, 53, 4 пайызы нәзік жандылар. Осы мәселенің алдын алу мақсатында биыл 42 875 жаңа жұмыс орнын құру жоспары бекітілген. Жауапты басқарма бұл бағыта бүгінге дейін қандай көрсеткіштерге қол жеткізді? Қаражаттың жұмсалу жайы мен көрсетілетін қызметтер барысы қалай жүзеге асуда? Осы сынды төрт негізгі бағыт бойынша облыстық қоғамдық кеңес мүшелері жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына мониторинг жұмысын бастады.
Мониторинг барысында жаңа жұмыс орындарының құрылуы мен бюджет қаражатының жұмсалуы, мүгедектерді әлеуметтік қолдау және көші-қон мәселелері зерделенеді. Сондай-ақ жұмыссыздарды кәсіби оқыту, еңбек нарығын дамытудың бес жылдық тұжырымдамасының іске асырылу барысы назарға алынады. Ал, бүгінгі басқосуда комииссия мүшелері басқарма ұжымымен кездесіп, мониторнг жүргізуге арналған жадынама негіздерін талқылады.