Үй жағдайында шағын өндіріс ашып, табыс табуға болады. Оны Тараздық тұрғын Айгерім Бауыржанқызы да дәлелдеді. Ол үйінің жанынан шағын цех ашып, ысталған өнімдер дайындауды қолға алған. Қазір кәсіпкердің өнімдеріне сұраныс артып, тұрақты тапсырыс берушілер қатары көбейген.
Айгерім Бауыржанқызы бір жыл бұрын үйінің жанынан шағын цех ашқан. Бүгінде мұнда шұжықтың 20-дан астам түрі дайындалады. Сонымен қатар қазы, жая, құйрық май, сарделька және өзге де ет өнімдері ысталып, тұтынушыларға ұсынылады. Кәсіпкер шикізатты сенімді жеткізушілерден алып, сапа талаптарын қатаң сақтайды. Қазір тапсырыстың басым бөлігі әлеуметтік желілер арқылы қабылданады.