Қаржылық мониторинг агенттігі Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен АИ-92 маркалы бензинді Қырғыз Республикасына заңсыз шығарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады. Тергеу мәліметінше, топ құрамындағы 9 адам заңсыз экспорт схемасын жүзеге асыру үшін 12 кәсіпорын тіркеп, бензиннің шығу тегін жасыру мақсатында «Қара Май ОйЛ» және «Petro Bazis» шағын мұнай өңдеу зауыттарын пайдаланған.

Құжаттарда бензин түрлі мұнай-химия өнімдері ретінде көрсетілгенімен, іс жүзінде ешқандай өңдеусіз теміржол цистерналарына құйылып, жалған декларациялар арқылы шетелге жөнелтілген. Нәтижесінде 190 мың тоннадан астам бензин заңсыз экспортталып, көлеңкелі айналым көлемі 37,2 млрд теңгеден асқан. Жедел іс-шаралар барысында «Түрксіб» станциясында Қырғызстанға жөнелтілмек болған шамамен 500 тонна бензин тиелген сегіз теміржол цистернасы ұсталды. Құны 138 млн теңге болатын тәркіленген жанармай мемлекет кірісіне өткізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сот қарауына жолданған.