Бір түп ағаш – бір үміт. Ал бапталған бақ – маңдай тердің жемісі. Шу ауданындағы Бірлікүстем ауылында тұратын Өмірәлиевтар отбасы қарапайым аула жерін берекелі кәсіпке айналдырып отыр. «Ауласын көріп, азаматын таны» деген сөз осындайда айтылса керек. Себебі үй іргесіндегі бірнеше сотық жерді тиімді пайдаланып, одан өнім алып, отбасылық шаруасын дөңгелетіп отырған жандардың еңбегі көпке үлгі.


Бүгінде ауылдағы ағайын үшін үй іргесіндегі жер тек бос жатқан аумақ емес. Ол – табыс көзі, отбасы берекесі және еңбекке баулитын мектеп.Бұған Шу ауданындағы Бірлікүстем ауылының тұрғыны Өмірәлиевтар отбасының шаруасы дәлел. 2004 жылы құрылған «Өмір» шаруа қожалығы бүгінде 10 гектар суармалы және 106 гектар тәлімді егістік жерді игеріп отыр.