2026 жылдың алғашқы алты айында Жамбыл облысының экологтары өңір кәсіпорындарында 19 тексеру жүргізді. Осы уақыт ішінде шамамен 150-ге жуық сынама алынып, 700-ден астам зертханалық талдау жасалды. Нәтижесінде 50-ге жуық экологиялық заңбұзушылық анықталып, құқық бұзушыларға жалпы сомасы 141 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынды. Заңбұзушылардың басым бөлігі бұл қаражатты бюджетке толық төлеп үлгерді.


Ең ірі айыппұл – 116 миллион теңге – минералды тыңайтқыштар өндіретін зауытына салынған.Тұрғындардың көптеген шағымынан кейін басталған тексеру барысында кәсіпорынның атмосфераға зиянды заттарды белгіленген нормадан артық шығарғаны анықталды.Коммуналдық мекеме де жауапкершілікке тартылды.Су нысандарын ластағаны үшін «Жамбыл-Су» кәсіпорнына шамамен 5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Дегенмен, экологтардың айтуынша, Тараз қаласының тұрғын аудандарындағы экологиялық ахуал тұрақты.