Джакартада өткен Азия чемпионатынан жүлдемен оралған жамбылдық боксшыларды жанкүйерлер сән-салтанатпен қарсы алды. Индонезия төрінде U19 және U23 санаты бойынша сынға түскен былғары қолғап шеберлері ел қоржынына үш медаль салып отыр. 


Азияның 26 елінен 400-ден аса спортшы жиналған дүбірлі додада ұлттық құрама намысын 6 жамбылдық қорғады. 70 келіде қарсылас шақ келтірмеген Бибарыс Әшірбай Азия чемпионы атанса, 65 келідегі Ақжүрек Қалабай мен 55 келі салмақтағы Бексұлтан Боранбек күміс жүлдені еншіледі. Сары құрлық бәсекесінде топ жарған саңлақтар мен олардың бапкерлеріне облыстық спорт басқармасы тарапынан арнайы қаржылай сертификаттар тапсырылды