Қаржылық мониторинг агенттігі елімізде заңсыз жұмыс істеген «Nomad Poker» онлайн-казиносының қызметін әшкерелеп, оның жұмысын тоқтатты. Тергеу мәліметіне сәйкес, «Club GG Poker» мобильді платформасы арқылы құрылған онлайн-казиноның қызметін шетелде жүрген Қазақстан азаматтары ұйымдастырып, қашықтан басқарып отырған.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ өздерінің ізін жасыру үшін шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоттары мен байланыс құралдарын пайдаланыпты. Бұл қаржының қозғалысын бақылауды қиындатып, заңсыз қызметті жасырын жүргізуге мүмкіндік берген. Онлайн-казино тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, ойыншыларға интернет арқылы покер ойнап, ақша тігуге және ұтысын қолма-қол шешіп алуға жағдай жасаған. Клиенттерді тарту үшін әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен интернет-жарнама кеңінен қолданылған.Нәтижесінде заңсыз ойын алаңына 20 мыңнан астам пайдаланушы болған анықталды. Қылмыстық схемада дропперлердің банк шоттары да белсенді пайдаланылған.