Жазғы демалысты ұлттық тәрбиемен ұштастырған этно-лагерь өз жұмысын бастады. Он күнге созылатын ерекше жобаға қатысқан балалар бұл уақыт ішінде смартфоннан толықтай бас тартады.Бойларына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, қазақ халқының рухани мұрасымен жақынырақ танысады.Табиғат аясында таза ауамен тыныстап, кітап оқуға көңіл бөледі.
Лагерь бағдарламасы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Садақ ату, тоғызқұмалақ, алтыбақан секілді ұлттық ойындарға қатысып, дәстүрлі өнердің үлгілерін үйренеді. Ең басты ерекшелігі – лагерде балалар 10 күн бойы смартфон қолданбайды. Оның орнына қисса-дастандарды оқып, қазақтың аңыз-әңгімелері мен батырлар жырын тыңдайды. Осы арқылы жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығы артып, ұлттық тарих пен рухани мұраға деген танымы кеңейеді.