Тараз гарнизонының әскери қызметшілері адам өмірін сақтап қалуға атсалысты. Жамбыл облыстық қан орталығының шұғыл өтінішіне үн қосқан сарбаздар босанған ананың өміріне қажетті донорлық қан тапсырды. Бір ғана көшпелі бригаданың жұмысы қажетті қан қорын толық жинауға мүмкіндік берді.


Жамбыл облыстық қан орталығының мобильді тобы бұл жолы 5-ші механикаландырылған бригадаға келді. Себебі облыстық ауруханада жатқан босанған әйелге шұғыл түрде толық қан құю қажет болған. Офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер және мерзімді қызмет сарбаздары жақсылық жасауға бірден атсалысты. Олардың барлығы қан тапсыруға ерікті түрде келді. Өйткені бір адамның өмірін аман алып қалу – әр азаматтың парызы.