Байзақ ауданында Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Жиында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға және өзге де заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді. Кездесуге облыстық және аудандық мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері, сайлау комиссияларының мүшелері мен жастар қатысты.


Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов заңнамадағы жаңашылдықтардың құқықтық негізіне тоқталып, олардың сайлау үдерісіндегі маңызы мен қолданылу тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ Конституцияда айқындалған заң үстемдігі, әділеттілік, тең мүмкіндік және адам құқықтарын қорғау қағидаттарына ерекше назар аударды.