Елімізде шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс жұмыстары толық аяқталды. Биыл химиялық өңдеу 1,8 миллион гектар алқапта жүргізіліп, ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдалуына жол берілген жоқ. Соңғы екі жылда заманауи мониторинг жүйелері мен ерте анықтау тәсілдерінің арқасында химиялық өңдеу көлемі 42 пайызға қысқарды. Бұл зиянкестердің таралу ошақтарын дер кезінде анықтап, оларды жедел оқшаулауға мүмкіндік береді. Биыл 103 пилотсыз ұшу аппараты сатып алынып, химиялық өңдеу жұмыстарына 550-ден аса техника жұмылдырылды. Онымен қоса, саланы цифрландыру аясында FITOCENTRE геоақпараттық жүйесі іске қосылды.