«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің 568-шақырымындағы Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылы маңында жолда бұзылып қалған автобусқа полиция қызметкерлері жедел көмек көрсетті.
Автобуста Қырғыз Республикасында өткен халықаралық футбол турнирінен елдеріне қайтып келе жатқан Өзбекстан Республикасының 42 азаматы, оның ішінде 2013–2014 жылы туған 37 жас футболшы мен оларды алып жүрген 5 ересек адам болған. Полиция қызметкерлері балаларды Нұрлыкент ауылдық Мәдениет үйіне жеткізіп, ыстық тамақ, ауыз су және демалуға жағдай жасады. Қосымша автобус келгеннен кейін жолаушылар сапарларын жалғастырды. Полиция мен құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында жағдай қысқа уақытта шешіліп, ешкім зардап шеккен жоқ.