Жамбыл облысында әлеуметтік желідегі жалған жарнамаға сенген тұрғындар алаяқтың құрбаны болды. Тараз қаласының үш тұрғыны мемлекеттік қайтарымсыз грант рәсімдеуге көмектесемін деген әйелге алданып, миллиондаған теңгесінен айырылған.
Тергеу мәліметінше, 2026 жылдың ақпан айында жәбірленушілер әлеуметтік желілердің бірінен жеке кәсіп ашуға немесе дамытуға арналған ірі мемлекеттік грантты рәсімдеуге көмектесу туралы жарнаманы көрген. Ұсынысқа қызыққан олар көрсетілген сілтеме арқылы өтіп, кейін мессенджерде хат алмасуды жалғастырған. Өзін мемлекеттік бағдарламалар бойынша маман ретінде таныстырған әйел бұған дейін көптеген азаматқа қайтарымсыз грант алуға көмектескенін айтқан. Жеке деректерін тексергеннен кейін ол әрбір жәбірленушіге 13–13,6 миллион теңге көлемінде қаржыландыру мақұлданғанын хабарлаған. Одан кейін әйел жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, қажетті құжаттарды рәсімдеу, конкурсқа қатысу, комиссиялық төлемдер мен басқа да міндетті шығындарды өтеу қажет деген түрлі сылтаулармен азаматтарды ақша аударуға көндірген. Әйелдің уәдесіне сенген жәбірленушілер көрсетілген банк шоттарына 1 285 000 теңге, 1 090 400 теңге және 803 000 теңге аударған. Ақшаны алғаннан кейін күдікті байланысқа шықпай қалған. Қазір аталған фактілер бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция тұрғындарды әлеуметтік желідегі күмәнді жарнамаларға сенбеуге және қаржылық операция жасамас бұрын ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.