Колледжде бірге оқыған 10 студент Ұлттық ұланда қызмет етіп жүр. 10 түлек бір мезетте Тараз қаласындағы 5513 әскери бөліміне азаматтық борышын өтеуге шақырылды. Осылайша, биылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында Ұлттық ұланда ерекше оқиға орын алды. Ең қызығы – олардың барлығы бір батальон мен бір ротада қызмет етіп жүр.
Бұл жігіттерді ең алғаш колледж қабырғасы тоғыстырды. Ол кезде олар Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенттері болатын. Қазір күнделікті тыныс-тіршілігі саптық алаңда, жас жауынгер курсындағы оқу сыныптарында өтуде. Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын өтеу туралы шешімді де бірге қабылдады.