Жамбыл облысындағы ортағасырлық Ақжар қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары өңір тарихына қатысты тың деректерді ашуға жол ашуда. Ғалымдар ХІ-ХІІ ғасырларға жататын құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық бұйымдарды тауып, ежелгі қаланың өмірі туралы құнды мәліметтерге қол жеткізді.
Жуалы ауданындағы Күреңбел ауылының маңында орналасқан Ақжар қалашығының орны бүгінде археологтардың назарындағы маңызды нысан. Мұнда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми бағдарламасы аясында Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлері мен облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының мамандары қазба жұмыстарын жүргізуде.