Енді 65 жастан асқан және мүгедектігі бар көлік жүргізушілері 2 жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуі шарт. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілдері мәлімдеді. 25 тамыздан бастап «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген жаңа өзгерістер күшіне енеді. Бұдан бұлай, жол ережесін өрескел бұзған азаматтар қайтадан теориялық емтихан тапсыруы мүмкін. Аталған ереже жол қиылысынан бұрылу кезінде апат жасаған, жоғары жылдамдықпен жүрген, жолақ ауыстырған, басып озғандарға қатысты. Жүргізуші тиісті қаулыны алған соң 2 ай ішінде талапты орындасама, көлік айдау құқығынан айырылады. Сонымен бірге, есірткі тұтынып немесе ішімдік ішіп көлік басқарғандарға да жаза күшейтіледі. Егер мас жүргізуші жол апатын жасаса, тіпті жәбірленуші тараппен татуласса да, 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Ал құжаты жоқтар 8 жыл бойы куәлік ала алмайды. Ведомство өкілінің айтуынша, бұл өзгеріс жол жүру қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғауға бағытталған.