Дәрінің сапасы мен бағасын сіз бақылай аласыз. Қолыңыздағы смартфонға Dari.kz қосымшасын жүктейсіз. Онда дәрінің мемлекеттік тіркеуден өткенін, өндірушісін және рұқсат етілген бағасын әп-сәтте тексеруге болады. Тым қымбат сатылғанын көрсеңіз шағымдануға да болады.
Елімізде бүгінде 7 мыңнан астам дәрілік зат пен медициналық бұйым мемлекеттік тіркеуден өткен. Оның 1 мыңнан астамы – отандық, ал 6 мыңнан астамы – шетелдік өнім. Бұл туралы мәліметтің барлығы Dari.kz мобильді қосымшасында қолжетімді. Онда дәрінің тіркеу мәртебесі, өндірушісі, қолдану жөніндегі нұсқаулығы және шекті бағасы көрсетілген. Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап жүйенің мүмкіндігі кеңейтіліп, тұрғындар дәріханада баға заңсыз көтерілді деп есептесе, түбіртек пен дәрі қаптамасының суретін жүктеп, онлайн шағым қалдыра алады. Бұл өтініштер тікелей жауапты мемлекеттік органға жолданады.