Жамбыл облысында құқық бұзушылықтар азаймай тұр. Жарты жылдың ішінде полицияның «102» арнасына 50 мыңнан астам хабарлама түсіп, бейнебақылау камералары 19 мыңнан астам құқық бұзушылықты тіркеді. Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін өңірде цифрлық бақылау жүйелері кеңінен қолданылып жатыр.
Биылғы жарты жылда Жамбыл облысы полициясының Жедел басқару орталығына 50 мыңнан астам хабарлама келіп түскен. Оның басым бөлігі Тараз қаласына тиесілі. Түскен барлық өтініштер жедел қаралып, полиция жасақтарына уақытылы жолданған. Жедел әрекет етудің нәтижесінде 1645 қылмыс ізін суытпай ашылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 377 дерекке көп. Өңірдегі қоғамдық тәртіпті 2413 бейнебақылау камерасы тәулік бойы қадағалайды. Соның көмегімен жыл басынан бері 19 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Басым бөлігі – жол қозғалысы ережесін бұзу фактілері.