Тараз – туристер жай ғана тамашалайтын қала емес, тарихты сезінетін, дәстүрді бастан өткеретін ерекше бағытқа айналуы мүмкін. Осындай бастамамен Жамбыл өңіріне Гонконгтың туристік компаниясы келді. Олар шаһардың тарихи орындарын аралап, Таразды халықаралық туристік нарыққа жаңа форматта шығаруға арналған жобаларын ұсынды.
Гонконгтық Travel Theory туристік компания өкілдері Қазақстанға арнайы зерттеу сапарымен келген. Сапар Алматыдан басталып, Астана және Семей арқылы жалғасқан. Делегацияның айтуынша, қазіргі шетелдік туристерді табиғаттан бұрын сол елдің төл мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі қызықтырады. Сондықтан олар дайын экскурсиядан гөрі, жергілікті халықтың өмірімен біте қайнасқан туристік бағыттарды дамытуды көздейді. Мәселен, олар Оңтүстік Кореяның Андон қаласында туристерді ұлттық кеспе жасауға, дәстүрлі кәсіппен айналысуға қатыстыратын жобаларды жүзеге асырып келеді. Осындай тәжірибені енді Таразда да енгізуге болады деген ұсыныс айтты.